2015 жылғы 31 наурыз, Астана қаласы
Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты
(конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткiзу қағидаларын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының 6-тармағына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру және өткiзу қағидалары бекiтілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Е.ДОСАЕВ
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________Ә. Исекешев
2015 жылғы 21 сәуір
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 31 наурыздағы №290 бұйрығымен бекiтiлген
Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты (конкурстарды,
аукциондарды), оның ішінде электронды түрде ұйымдастыру және өткiзу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электронды түрде ұйымдастыру және өткізу қағидалары 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексiнің 48-бабының 6-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Жер кодексі) әзірленді және мемлекет меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру және өткiзу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аукцион – сауда-саттыққа қатысушылардың арасындағы ашық бәсекелестiктi қамтамасыз ететiн жеке және заңды тұлғаларға объектіні сатуға бағытталған сауда-саттықты өткiзу нысаны;
2) аукционшы – аукцион өткiзетiн адам;
3) бастапқы баға – әрбiр сауда-саттық объектісі бойынша сауда-саттық конкурстар, аукциондар) басталатын баға;
4) екiншi сатып алушы – мөлшерi жағынан екiншi бағаны атаған қатысушы;
5) ең төменгi баға – объектіні бұдан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
Сауда-саттықтағы (конкурстардағы, аукциондардағы) объектінің ең төменгi бағасы Жер кодексiнің 14-1 және 153-баптарында белгiленген мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын белгілеген және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы құзыреттерi шегiнде бекіткен кадастрлық (бағалау) құнынан төмен емес белгіленеді;
6) конкурс –пайдаланудың неғұрлым қолайлы жағдайларын ұсынған жеке және заңды тұлғаларға сауда-саттық объектісін бес жылға дейiн бөлiп төлеп сатуға бағытталған сауда-саттықты өткiзу нысаны;
7) қатысушы – сауда-саттыққа қатысу үшiн белгіленген тәртiппен тiркелген жеке немесе заңды тұлға;
8) құжаттың электрондық көшірмесі – өтінім берушінің немесе аталған құжатты куәландыру өкілеттіктеріне не адамның электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған, түпнұсқа құжаттың түрін және ондағы ақпаратты (деректерді) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететiн құжат;
9) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі – лицензиялауды, сәйкестендіру нөмірін бере отырып, рұқсат алу бөлігінде рұқсат беру рәсімдерін электрондық түрде жүзеге асыруға, өтініш берушінің хабарлама жіберуіне және осы процестерді қамтамасыз етуге арналған, «электрондық үкіметтің» құрамдауышы болып табылатын ақпараттық жүйе;
10) сауда-саттық – сауда-саттық объектілерін сатудың аукциондық немесе конкурстық нысаны;
11) сауда-саттық объектісі – жер учаскесін жалдау құқығы немесе жеке меншік құқығы;
12) сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi – бастапқы баға алдын ала хабарланған қадаммен неғұрлым жоғары баға ұсынған бiр қатысушы қалған сәтке дейiн көтерiлетiн сауда-саттық әдiсi;
13) сауда-саттықтың голландтық әдiсi – бастапқы баға хабарланған қадаммен хабарланған баға бойынша қатысушылардың бiрi объектiнi сатып алуға келiскен сәтке дейiн төмендейтiн сауда-саттық әдiсi;
14) сатушы – Жер кодексiнің 48-бабында белгiленген олардың құзыретi шегiнде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;
15) сатып алу-сату шарты – осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатып алу-сатудың үлгi шарты;
16) сатып алушы – сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан сауда-саттықтың (конкурстың, аукционның) жеңiмпазы;
17) уәкілетті орган –Жер кодексінің 14-1-бабында олардың белгіленген құзыреті шегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы;
18) ұйымдастырушы – меншiк иесi немесе шарттың негізінде ол белгiлеген, объектіні сату жөнiндегi сауда-саттықты дайындауды және өткiзудi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым;
3. Сатушының функциялары мыналар болып табылады:
1) нақты сауда-саттық объектілерін анықтау;
2) сауда-саттық өткiзу нысанын, сондай-ақ аукциондық сату нысаны кезiнде сауда-саттықты өткiзу әдiсiн анықтау;
3) сауда-саттыққа шығарылатын сауда-саттық объектісінің бастапқы және ең төменгi бағасын, кепiлдiк жарналардың мөлшерiн бекiту;
4) ұйымдастырушымен сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткiзуге шарт жасасу;
5) жеңімпазбен сауда-саттық объектісін сатып алу-сату шартын жасасу;
6) сауда-саттықты ұйымдастыру және өткiзу барысына бақылауды жүзеге асыру;
7) қатысушылармен, жеңімпаздармен және ұйымдастырушымен есеп айырысуды жүзеге асыру.
4. Сатушы сауда-саттық объектісін сату жөнiндегi сауда-саттықты дербес ұйымдастырады және өткiзедi, не мамандандырылған ұйымдармен оларды ұйымдастыруға және өткiзуге арналған шарт жасасады.
5. Сауда-саттық объектісін сату жөнiндегi сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткiзуге арналған шарт сатушы мен ұйымдастырушы арасында жасалады және онда:
1) сауда-саттыққа қойылатын объектiлердiң тiзiмi;
2) сауда-саттықты өткiзу мерзiмi;
3) сауда-саттықты өткiзу нысаны;
4) сауда-саттықтың әрбір объектісі бойынша аукциондық сату түріндегі сауда-саттықтың өткізілу әдісі;
5) ұйымдастырушыға берiлетiн әрбiр сауда-саттық oбъектісі бойынша құжаттардың тiзбесi;
6) сауда-саттыққа дайындық және оны өткiзу барысы туралы ұйымдастырушы есептiлiгiнiң кезеңділiгi мен нысаны;
7) тараптардың өзара мiндеттерi мен мүлiктiк жауапкершiлігi;
8) ұйымдастырушының сыйақы мөлшерi мен төлем тәртiбi;
9) шарттың қолданылу мерзiмi мен оны бұзу шарттары;
10) тараптардың шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігін қамтиды.
6. Ұйымдастырушы сыйақысының мөлшерi әрбiр сатылған объектiнiң сату бағасының бес пайызынан аспайды және сатушы қаражатының есебiнен төленедi.
7. Осы Қағидалардың 26, 27, 45 және 52-тармақтарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына сауда-саттыққа қатысуға жол берiледi.
Шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдiк заңды тұлғалар, егер сауда-саттыққа шығарылатын объектілер Жер кодексіне сәйкес көрсетiлген тұлғалардың жеке меншiк құқығында немесе жалдау құқығында бола алмайтын болса, сауда-саттыққа қатыса алмайды.
8. Сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) қатысуға жіберілмейді:
1) мемлекеттiк заңды тұлғалар;
2) сауда-саттықты ұйымдастырушы;
3) аукционшы;
4) жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған адамдардың тізілімінде тіркелген тұлғалар.
9. Егер сауда-саттық объектілері бiрiншi сауда-саттықта (аукциондарда, конкурстарда) сатылмаса, олар екiншi және келесi сауда-саттықтарға шығарылады.
10. Сауда-саттықты ұйымдастырушы әрбiр сауда-саттық объектісі бойынша сауда-саттық (аукцион, конкурс) басталар алдында сауда-саттыққа қатысушылардың санын есепке алады.
11. Егер сауда-саттық объектісі бойынша қатысушылардың саны екіден кем болса, үшiншi және келесi сауда-саттықтарды қоспағанда, сауда-саттық өтпедi деп жарияланады. Үшiншi және келесi сауда-саттықтарда, сауда-саттық объектісі бойынша қатысушылардың саны екіден кем жағдайда, осы сауда-саттықтарды өткізу сауда-саттықтың ағылшындық әдiсiмен өткізіледі және сауда-саттық объектісі жалғыз қатысушыға сатылады.
12. Сауда-саттық (аукциондар, конкурстар) нәтижелерiн жарамсыз деп тану туралы даулар сот тәртібімен қаралады.
13. Электрондық нысанда сауда-саттыққа қатысу үшін өтініш беру «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңының 52-бабының 3-тармағына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
14. Сауда-саттықтың нәтижелерi бойынша жеңімпаз бен сатушы арасында осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес сатып-алу-сату шарты жасалады.
Жер учаскесін сатып алу-сату шарты мен сауда-саттық объектісін сатып алу бағасын төлеу туралы құжат жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжатын беру үшiн негiз болып табылады.
2. Сауда-саттықтың аукциондық нысаны және аукцион өткiзуге дайындық
15. Аукционды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
1) аукционға шығарылатын сауда-саттық объектілерін тiзiмi белгіленеді;
2) әрбiр сауда-саттық объектісін сату әдiсi белгіленеді;
3) әрбiр сауда-саттық объектісінің бастапқы және ең төменгi бағасы белгіленеді;
4) кепiлдiк жарнаның мөлшерi және оны енгiзу тәртiбi белгіленеді;
5) аукцион өткiзу күні белгiленедi;
6) аукцион өткiзу туралы хабарлама жарияланады.
16. Сауда-саттық объектісінің бастапқы бағасы Жер кодексінің 10-бабына сәйкес есептелген жер учаскесiн (жер учаскесiн жалдау құқығын) бағалау құнынан төмен емес болып белгіленеді.
17. Бастапқы баға сауда-саттық әдiсiне қарай белгіленеді:
1) ағылшындық сауда-саттық әдiсi кезiнде бастапқы баға ең төменгi бағаға тең болады;
2) голландтық сауда-саттық әдiсi кезiнде бастапқы баға ең төменгiден кемiнде жүз рет асып түседі.
18. Ең төменгi баға аукцион өткiзу туралы хабарламада көрсетiледi.
19. Аукционға қатысу үшін кепiлдiк жарна сауда-саттық объектісінің ең төменгi бағасының бес пайызын құрайды. Бұл ретте, кепілдік жарна әрбір сауда-саттық объектісі бойынша бөлек енгізіледі.
20. Аукционда жеңiп шыққан жағдайда кепiлдiк жарна қатысушының мынадай мiндеттемелерiн қамтамасыз ету болып табылады:
1) аукционның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою;
2) аукционның нәтижелерi туралы хаттамаға сәйкес сатып aлу-сату шартын жасасу;
3) сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердi орындау.
21. Кепiлдiк жарна аукцион өткiзу туралы хабарламада белгiленген тәртiппен енгiзiледi.
22. Аукционды жеңiп шыққан және сатып алу-сату шартын жасасқан адамның кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесiлi төлемдердiң есебiне жазылады.
23. Сатушы кепiлдiк жарнаны мынадай жағдайларда:
1) қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін аукционға қатысудан бас тартса;
2) осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген міндеттемелерді орындаудан бас тартқанда қайтармайды.
Басқа жағдайлардың барлығында кепілдiк жарналар осы қатысушының деректемелері көрсетілген, кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш берген күннен бастап бес банктiк күннен аспайтын мерзiмде қайтарылады.
24. Сауда-саттықты ұйымдастырушы аукционға қойылатын жер учаскесi туралы мәліметтерді қамтитын аукцион өткізу туралы хабарлама жасайды және оны аукцион өткiзудiң жарияланған күнiнен бұрын он бес күннен кешiктiрмей мерзiмдi баспасөз басылымында, сатушының ресми интернет-ресурсында және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде жариялайды.
25. Аукцион өткізу туралы хабарлама:
1) аукцион өткiзілетiн күндi, уақытты, орын мен оның өткізу шарттарын;
2) учаскенiң мекенжайы мен орналасқан жерiн, оның алаңын және жер учаскесiн сату шарттарын;
3) иелiктен алынатын құқықтың (меншiк құқығының немесе жер учаскесiн жалдау құқығының) түрiн;
4) жер учаскесiне барлық ауырпалықтар (шектеулер) тiзбесiн;
5) жер салығының немесе жалдау ақысының мөлшерiн;
6) қатысушы сауда-саттыққа қатысуға арналған өтiнiмге қоса ұсынатын құжаттардың тiзбесiн;
7) сауда-саттық объектісінің бастапқы бағасын, сатып алу бағасын төлеу тәрібін;
8) кепiлдiк жарнаның сомасын және оны енгiзу тәртiбiн;
9) аукционға қатысу үшін өтiнiм қабылдау орнын, мерзiмiн және нысанын қамтуға тиiс.
26. Аукционға қатысушыларды тiркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргiзiледi және аукцион басталғанға дейiн жиырма төрт сағат бұрын аяқталады. Өтінімдерді қабылдау және тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін түскен өтінімдер қаралмайды.
27. Аукционға қатысушы ретiнде тiркелу үшiн мынадай құжаттарды беру қажет:
жеке тұлғалар үшін:
1) мәліметтер түрінде нысанында жер учаскесіне меншік құқығын (жалдау) сату жөніндегі аукционға қатысуға өтінім;
2) сауда-саттыққа қатысушы кепілдік жарнаны «электронды үкімет» төлем шлюзы арқылы төлеген жағдайды қоспағанда, кепілдік жарна енгізілгенін растайтын төлем құжаты;
3) өкілдің өкілеттілігін куәландыратын құжат;
заңды тұлғалар үшін:
1) мәліметтер түрінде жер учаскесіне меншік құқығын (жалдау) сату жөніндегі аукционға қатысуға өтінім;
2) сауда-саттыққа қатысушы кепілдік жарнаны «электронды үкімет» төлем шлюзы арқылы төлеген жағдайды қоспағанда, кепілдік жарна енгізілгенін растайтын төлем құжаты;
3) өкілдің өкілеттілігін куәландыратын құжат.
Көшірмелердің дұрыстығын растау үшін салыстырып тексеру үшін түпнұсқалар ұсынылады.
Электрондық өтініш берілген жағдайда, осы тармақтың жеке және заңды тұлғалар үшін 2), 3) тармақшаларында тізбеленген құжаттар құжаттың электрондық көшірмелері нысанында беріледі.
Жеке басты куәландыратын, кәсіпкерлік субъектісі ретінде мемлекеттік тіркелгені, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құжат бойынша мәліметтерді ұйымдастырушы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электронды үкімет» шлюзы арқылы алады.
Аукционға қатысу туралы өтінішті қабылдаудан бас тартқан жағдайда, ұйымдастырушы жазбаша не рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттікақпараттық жүйесі арқылы өтініш берушіге бас тартудың себебін түсіндіріп, өтініш түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабарлайды.
28. Аукционға қатысу туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Қағидалардың 27-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбау;
2) осы Қағидалардың 7, 8-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеу.
29. Қатысушы ретінде тіркеу үшін осы Қағидалардың 27-тармақтарында көрсетілген құжаттардан басқа қосымша құжаттарды талап етуге жол берілмейді.
30. Өтінімі тiркелген адам аукцион өткізілетін күнi аукциондық нөмiрге алмастырылатынқатысушы билетiн алады.
Сауда-саттық процесiнде аукциондық нөмiрдi басқа адамның пайдалануына тыйым салынады.
3. Аукционды өткiзу
31. Аукционды аукционшы өткiзедi.
32. Әрбiр сауда-саттық объектісі бойынша аукцион аукционшының өз атауын, қысқаша сипаттамасын, аукционды өткiзуәдiсiн, бастапқы баға мен бағалардың өзгеру қадамын хабарлауынан басталады.
Аукционшы сауда-саттық процесiнде қадамдардың өзгеруі туралы хабарлайды. Бұл ретте, қадам объектiнiң ағымдағы бағасының бестен он пайызына дейiнгi шектерде өзгередi.
33.Аукцион төменде баяндалған екi әдiстiң бiреуi бойынша өткiзiледi:
1) ағылшындық әдiс – аукционшы объектiнiң бастапқы бағасы мен бағаның ұлғаю қадамын хабарлайды. Сауда-саттыққа қатысушылардың нөмiрдi көтеруі бастапқы бағаны өсiредi, бiрақ ол хабарланған қадамнан кем болмауы керек.
Қолайлы болуы үшiн аукционшы объект бағасын осы қадамның жартысынан аспайтын шамаға дейiн дөңгелектейді. Аукционшы объект бойынша аукционға қатысушылардың аукциондық нөмiрлердi хабарлайды, бағаны бекiтедi және оны өсiрудi ұсынады. Аукционшы объект үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушыны хабарлайды. Аукционшы объектiнiң соңғы бағасын үш рет қайталайды және басқа көтерiлген нөмiрлер болмаған кезде балға соғу арқылы аталған объектiнiң сатылғаны туралы хабарлайды.
Сауда-саттық жеңiмпазы анықталғаннан кейiн сатушы сауда-саттық өткiзу рәсiмдерiн сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу және оның талаптарын орындау жөнiндегi тиiстi мiндеттердi орындамаған жағдайда, сатушы сауда-саттықта осы объект үшiн шамасына қарай екiншi баға берген қатысушыға (екiншi сатып алушы) объектiнi сатып алу құқығын бередi;
2) голландтық әдiс – аукционшы объектінің бастапқы бағасын хабарлайды және оны жаңа бағаны хабарлай отырып мәлiмделген қадаммен төмендетедi.
Аукционшы баға хабарланған кезде аукциондық нөмiрдi бiрiншi көтерген қатысушының нөмiрiн атайды және балға соғу арқылы оны аукционда жеңiп шыққан адам деп жариялайды.
Егер екi немесе одан көп нөмiр бiр мезгiлде көтерiлген жағдайда, нөмiрдi бiрiншi көтерген адам туралы шешiмдi аукционшы қабылдайды.
Егер бастапқы баға хабарланған сәтте ұсынылған бағамен келiсетiн екi және одан да көп қатысушы болған жағдайда, аукционшы жеңімпаз анықталған сәтке дейiн бағаны тіркелген қадам шамасына көтере бастайды.
Егер аукционшы объектiнiң ең төмен бағасын хабарлаған кезде қатысушылардың бiрде-бipeуi аталған объектiнi сатып алуға тiлек білдірмесе, онда объект аукционнан алынады.
34. Әрбiр сатылған сауда-саттық объектісі бойынша аукцион нәтижелерi, аукцион өткізілген күні жеңімпаз бен екінші сатып алушы қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
Хаттама сатушы, жеңімпаз және екінші сатып алушы үшiн бiр-бiр данадан үш дана етiп жасалады.
35. Жер учаскесін беру немесе жер учаскесін жалдау құқығы туралы жергілікті атқарушы органның шешімі аукцион аяқталғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылданады.
36. Сауда-саттық объектісін сатып алу-сату шарты жергілікті атқарушы органның шешімі қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жасалады.
37. Егер сауда-саттық объектісі бiрiншi аукционда сатылмаса, ол келесi аукциондарға шығарылады.
38. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушы арасында жүргiзiледi, бұл ретте, сатып алушы есеп айырысуды мынадай тәртiппен жүргiзедi:
1) аванстық төлем аукцион барысында белгiленген бағаның елу пайызы мөлшерiнде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап банктiк бес күннен кешiктiрілмейтін мерзiмде енгiзiледi. Кепiлдiк жарна тиесiлі аванстық төлемнің шотына есептеледі;
2) қалған сома сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастапкүнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрілмей енгiзiледi.
4. Сауда-саттықтың конкурстық нысаны, конкурсты өткiзуге дайындық
39. Конкурсты дайындау және өткiзу үшiн сатушы конкурстық комиссия құрады.
Конкурстық комиссияның мүшелері конкурстық комиссияның төрағасы және басқа конкурстық комиссияның мүшелері болып табылады (жер қатынастары жөнiндегi, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органдардың және басқа да мүдделi мемлекеттік органдар).
Конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды құрауға және кемiнде бес адам болуға тиiс.
Конкурстық комиссияның төрағасы болып облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының әкімінің орынбасарынан төмен емес лауазымды адам айқындалады.
Хатшы конкурстық комиссия мүшесі болып табылмайды.
40. Комиссия сауда-саттық объектісінің бастапқы бағасын, сатып алу бағасын төлеу тәртiбiн және мерзiмiн, конкурс қорытындыларын шығару күнiн белгiлейдi, сондай-ақ, конкурс өткiзедi және жеңiмпазды жариялайды.
41. Сатушы конкурсқа шығарылатын сауда-саттық объектісінің конкурстық құжаттамасын қалыптастырады және бекітеді, онда:
1) конкурс өткiзу шарттары мен тәртiбi туралы ақпарат;
2) сатып алу-сату шартының жобасы;
3) жер учаскесiн пайдалану шарттары бойынша критерийлер;
4) сауда-саттық объектісін беру шарттары, оның нысаналы мақсаты мен бастапқы бағасы;
5) жобалау-сметалық құжаттама әзiрлеу үшiн қажеттi мүдделi органдармен келiсiлген сәулет-жобалау тапсырмасы;
6) инженерлiк коммуникацияларға қосылуға арналған мүдделi ұйымдармен келiсiлген алдын ала техникалық шарттар болады.
42. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мерзiмдi баспасөз басылымында, сатушының ресми интернет-ресурсында және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде конкурс қорытындылары шығарылған күн жарияланғанға дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей жарияланады.
Конкурс өткізу туралы хабарламада:
1) конкурсқа қатысу тәртiбi;
2) жер учаскесi орналасқан орын, алаңы, нысаналы мақсаты;
3) бастапқы баға;
4) кепілдік жарнаның мөлшері мен енгізу тәртібі;
5) қатысушылардың конверттерін ашу және конкурс қорытындыларын шығару жөнiндегi комиссиялардың отырысы өтетiн күнi, уақыты және орны;
6) конкурсқа қатысуға өтiнiм берудiң соңғы мерзiмi;
7) өтiнiмнiң нысаны;
8) жер учаскесiнiң бағасы және оны пайдалану жөнiндегi ұсыныстарды беру мерзiмi қамтылады.
43. Конкурсқа қатысушы ретiнде тiркелу үшiн мынадай құжаттарды беру қажет:
жеке тұлғалар үшін:
1) мәліметтер түрінде жер учаскесіне меншік құқығын (жалдау) сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім;
2) сауда-саттыққа қатысушы кепілдік жарнаны «электронды үкімет» төлем шлюзы арқылы төлеген жағдайды қоспағанда, кепілдік жарна енгізілгенін растайтын төлем құжаты;
3) өкілдің өкілеттілігін куәландыратын құжат;
заңды тұлғалар үшін:
1) мәліметтер түрінде жер учаскесіне меншік құқығын (жалдау) сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім;
2) сауда-саттыққа қатысушы кепілдік жарнаны «электронды үкімет» төлем шлюзы арқылы төлеген жағдайды қоспағанда, кепілдік жарна енгізілгенін растайтын төлем құжаты;
3) өкілдің өкілеттілігін куәландыратын құжат.
Көшірмелердің дұрыстығын растау үшін салыстырып тексеру үшін түпнұсқалар ұсынылады.
Электрондық өтініш берілген жағдайда, осы тармақтың жеке және заңды тұлғалар үшін 2), 3) тармақшаларында тізбеленген құжаттар құжаттың электрондық көшірмелері нысанында беріледі.
Жеке басты куәландыратын, жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркелу, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құжат жөніндегі мәліметтерді ұйымдастырушы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электронды үкімет» шлюзы арқылы алады.
Конкурсқа қатысу туралы өтінішті қабылдаудан бас тартқан жағдайда, ұйымдастырушы жазбаша не рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы өтініш берушіге бас тартудың себебін түсіндіріп, өтініш түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабарлайды.
44. Конкурсқа қатысу туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Қағидалардың 45-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбау;
2) осы Қағидалардың 7, 8-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеу.
45. Конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна сауда-саттық объектісінің бастапқы бағасының бес пайызын құрайды. Бұл ретте, кепілдік жарна сауда-саттық объектілерінің әрқайсысы бойынша жеке енгізіледі.
46. Конкурста жеңген жағдайда кепілдік жарна қатысушының мынадай міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылады:
1) конкурс нәтижелері туралы хаттамаға қол қою;
2) конкурс нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес сатып алу-сату шартын жасасу;
3) сату-сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау.
47. Кепілдік жарна конкурсты өткізу туралы хабарламада белгіленген тәртіппен енгізіледі.
48. Конкурсты жеңіп алған және сатып алу-сату шартын жасасқан тұлғаның кепілдік жарнасы тиесілі төлемдер шотына есептеледі.
49. Сатушы кепiлдiк жарнаны мынадай жағдайларда:
1) аукцион өткiзуге дейiн үш күннен аз уақыт қалғанда оған қатысудан бас тартса;
2) осы Қағидалардың 48-тармағында көзделген міндеттемелерді орындаудан бас тартқанда қайтармайды.
Басқа жағдайлардың барлығында кепілдiк жарналар осы қатысушының деректемелері көрсетіліп, кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш берген күннен бастап бес банктiк күннен аспайтын мерзiмде қайтарылады.
5. Конкурсқа қатысу шарттары
50. Конкурс өткізу туралы хабарландыруда белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей конкурсқа қатысуға өтiнiм ресiмдеген және осы Қағидалардың 45-тармағында көзделген мiндеттi құжаттардың тiзбесiн ұсынған жеке және заңды тұлғалар конкурсқа қатысуға жiберiледi.
Конкурсқа қатысушыларды тiркеу конкурс өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргiзiледi және конкурс өткiзуден үш күн бұрын аяқталады.
51. Конкурсқа қатысушылар конкурстық құжаттаманың көшірмесін қол қойып алады.
52. Конкурсқа қатысуға өтiнiм бергеннен кейiн өтiнiм берушi конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетiлген мерзiмде жер учаскесiнiң бағасы және оны пайдалану жөнiндегi жеке конвертте мөрленген ұсыныстарды бередi.
53. Конкурсқа қатысуға өтiнiм берген адамдар туралы мәлiметтер жариялауға жатпайды.
54. Конкурсқа қатысушының конкурсқа қатысу туралы өзiнiң өтiнiшiн конкурс өткiзудiң белгiленген мерзiмiне дейiн үш күн бұрын, бұл туралы сатушыға жазбаша хабарлай отырып, қайтарып алуға құқығы бар.
6. Конкурсқа қатысушылардың ұсыныстарын қарау тәртiбi
55. Конкурс өткізу туралы хабарламада белгiленген уақытта комиссия конкурсқа қатысушылардың қатысуымен келiп түскен ұсыныстар бар конвертті ашады, барлық белгiленген талаптардың сақталуын тексередi, қажеттi мәлiметтер мен құжаттардың болуын анықтайды, келiп түскен ұсыныстарды жария етедi.
Конкурстың жеңiмпазын дауыс беру нәтижесiнде көпшiлiк дауыспен комиссия мүшелерi анықтайды.
Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының даусы шешушi болып табылады.
56. Егер екi немесе одан көп қатысушылардың бағасы бойынша ұсыныстар бiрдей және ең жоғары болған жағдайда, жер учаскесiн пайдалану жөнiндегi ұсынылған ең қолайлы жағдай бойынша жеңiмпаз анықталады.
57. Комиссия отырысының нәтижелерi бойынша мынадай ақпаратты қамтитын хаттама жасалады:
1) отырысқа қатысқан комиссия мүшелерiнiң тiзiмi;
2) конкурсқа қатысушылар мен олардың ұсыныстары туралы мәлiметтер;
3) конкурс жеңiмпазы;
4) сауда-саттық объектісін сатып алу бағасы, жеңiмпазды анықтауға негiз болған қосымша жағдайлар.
58. Отырысқа қатысқан комиссияның барлық мүшелерi хаттамаға қол қояды.
Конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде мерзiмдi баспасөз басылымында, сатушының ресми интернет-ресурсында және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде конкурстың қорытындылары жарияланады.
59. Хаттаманың негізінде жергілікті атқарушы орган конкурс аяқталғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын беру туралы шешім қабылдайды.
60. Сауда-саттық объектісін сатып алу-сату шарты жергілікті атқарушы орган шешім қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде жасалады.
Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөнiндегi сауда-саттықты (конкурстарды,
аукциондарды), оның ішінде электронды түрде ұйымдастыру және өткiзу қағидаларына қосымша
Нысан
Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатып алу-сатудың үлгi шарты
_________ қаласы, (кент, село) 20___ жылғы_________ № _____
Бiз бұдан әрі «Сатушы» деп аталатын
___________________________________________________________________________________ бiр тараптан,
(сатушының атауы)
және бұдан әрi «Сатып алушы»деп аталатын _______________________________________________________
________________________________________________________________________________ екiншi тараптан,
(сатып алушының атауы)
төменде қол қоюшылар төмендегiлер туралы осы Шартты жасастық.
1. Шарттың мәнi
1. Сатушы Шартқа қоса берiлiп отырған жер учаскесi жоспарының шекарасындағы жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатады, ал Сатып алушы сатып алады.
2. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi мен оның деректерi:
Кадастрлық нөмiрi (коды) ________________________________________
Алаңы ___ га, оның iшiнде ауылшаруашылық алқаптарымың ___ га (егiстiк ___ га, көп жылдық екпе шөптер ___ га, шабындықтар ___ га, жайылымға).
3. Нысаналы мақсаты______________________________________________________________________________
Пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар ______________________________________________________
_______________________________________________________________________________________________
4. Бөлiнуi және бөлiнбеуi __________________________________________________________________________
2. Жер учаскесiнiң немесе жер учаскесiн жалдау құқығының бағасы
5. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын белгілеген және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы бекіткен жер учаскесiнiң немесе жер учаскесiн жалдау құқығының бағалық құны
______________________________________________________________________________________ құрайды.
(сомасы санмен және жазбаша)
6. Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатып алу бағасы
сауда-саттық (конкурстың, аукционның) қорытындысы бойынша белгiленген және __________________________________________________________________________________________________теңгеге тең және Сатыпалушы
(сомасы санмен және жазбаша) төлеуге тиiс.
3. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi
7. Сатып алушының: _____________________________________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________________ құқығы бар.
8. Сатушының: __________________________________________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________________ құқығы бар.
9. Сатып алушы: _______________________________________________
1) Ссатушыға жер учаскесiнiң құнын немесе тұрақты жер пайдалану
құқығын _______________ 20___жылғы ____________ дейiн төлеуге;
(төлем нысаны) (күнi, айы)
________________________ объектiнi бес жыл iшiнде пайдалануға;
2) Шарттың талаптарын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген жер учаскесiн пайдаланудағы құқықтарды шектеудi және олардың ауыртпалықтарын сақтауға мiндеттенедi.
10. Сатушы: __________________________________________________
1) шарт талаптарына сәйкес жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын беруге;
2) жер учаскесiне құқықтарды шектеулердегi барлық ауыртпалықтар туралы Сатып алушыны хабардар етуге мiндеттенедi.
4. Тараптардың жауапкершiлiгi
11. Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Шарт талаптарын орындамағаны не тиесiлi орындамағаны үшiн жауапты болады.
5. Дауларды қарау тәртiбi
12. Келiссөздер жолымен шешуге болмайтын Шарттан туындайтын барлық келiспеушiлiктер сот тәртiбiмен қаралады.
6. Шарттың қолданылуы
13. Шарт оны мемлекеттiк тiркеген күннен бастап күшiне енедi.
14. Шарт екi данада жасалады, оның бiрi Сатып алушыға, екiншiсi Сатушыға берiледi.
7. Тараптардың заңды мекенжайлары мен деректемелерi:
Сатушы
_________________________
Мекенжайы _______________
_________________________
Есеп шоты _______________
_________________________
_________________________
(қолы)
Мөр орны Сатып алушы
_______________________________
Мекенжайы ____________________
_______________________________
Есеп шоты _____________________
_______________________________
_______________________________
(қолы)
Мөр орны (болған жағдайда)
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 5 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10937 болып енгізілді.